Зейнетақы мен жәрдемақыны индекстеуге қосымша 111 млрд теңге бөлінеді

Зейнетақы мен жәрдемақыны индекстеуге қосымша 111 млрд теңге бөлінеді


Зейнетақы мен жәрдемақыны инфляцияға сай индекстеу үшін қосымша 111 млрд. теңге бөлінеді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Мәжіліс депутаттарының алдында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халықты әлеуметтік қамсыздандыруға 4 трлн. теңге қарастырылған. Ол былтырғымен салыстырғанда 230 млрд. теңгеге артық. Кеше ғана республикалық бюджеттік комиссия Үкіметпен бірге өте маңызды шешім қабылдады. Инфляция дәлізінің 8-10% деңгейінде өзгеруіне байланысты зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерін тағы 4 пайыз индекстеу көзделіп отыр. Соның жиынтығында барлық әлеуметтік төлемдер 2021 жылмен салыстырғанда 9 пайыз, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері 11 пайыз артады», - деді Ералы Тоғжанов. 

Айтуынша, аталған әлеуметтік төлемдер Қазақстан бойынша 4,2 млн. адамды қамтиды. 

«Бұл мақсатқа нақтыланған бюджет аясында қосымша 111 млрд. теңге қарастырылды», - деді Үкімет басшысының орынбасары.