Freedom Inside '26

Жеті жыл тұрған көлік жарамсыз күйге түсті: күзет агенттігі сотта жеңілді

Жеті жыл тұрған көлік жарамсыз күйге түсті: күзет агенттігі сотта жеңілді
egemen.kz

Таразда сот арнайы автотұрақта тұрған жүк көлігінің бөлшектеліп кетуіне байланысты күзет агенттігінен 8,6 миллион теңгеден астам өтемақы өндірді, деп хабарлайды ult.kz.

Іс материалдарына сәйкес, талап қоюшыға тиесілі «Volvo FH12» маркалы жүк көлігі 2015 жылы кредиттік берешекке байланысты өндіріп алу шарасына іліккен. Ал 2017 жылы сот орындаушысы көлікке тыйым салып, оны күзет агенттігінің қарауына тапсырған.

Алайда жеті жылдан астам уақыт өткен соң көлікті тексеру барысында оның толықтай жарамсыз күйге түскені анықталған. Негізгі тораптары мен бөлшектері жоғалып, көлік іс жүзінде бөлшектеліп кеткен.

Талап қоюшының айтуынша, көліктің сот белгілеген құны 9,6 миллион теңгеден 992 мың теңгеге дейін төмендеген.

Жауапкер мүліктің кейін басқа күзет ұйымына берілгенін алға тартқанымен, бұл уәжді растайтын құжаттарды сотқа ұсына алмаған.

Сот күзет агенттігі көліктің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті болғанын атап өтті. Нәтижесінде талап қоюшының пайдасына 8,6 миллион теңгеден астам материалдық залал, бағалау шығындары және мемлекеттік баж өндірілді.

Апелляциялық саты да бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сот актілері заңды күшіне енді.