Желіде немересінің сұрағына жауап беріп танылған Иба әже өмірден өтті (ВИДЕО)

Желіде немересінің сұрағына жауап беріп танылған Иба әже өмірден өтті (ВИДЕО)
Коллаж: ult.kz

Әлеуметтік желіде немересі Мәликаның сұрақтарына шынайы әрі әсерлі жауаптарымен, қарапайым мінезі мен өмірлік даналығымен көпшіліктің ықыласына бөленген Иба әжей дүниеден озды, деп хабарлайды ult.kz.

Қаралы хабарды марқұмның немересі Мәлика өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, әжесімен қоштасқанын жеткізді. Ол бұл хабарды бөлісе отырып, Иба әжейдің жарқын бейнесі мен жүректерде сақталатын естеліктері мәңгі қалатынын атап өтті.

“Ақ әжем-ау. Шашыңның әрбір ақ талына қарыздармын.  Бұл видеоны салу өте ауыр болып тұр, әрдайым әженің күліп, жайнап, жадырап отқанын салып жүргесін, жүрегім қатты ауырып тұр. Әжемнің жағдайы соңғы күндері күрт нашарлап, ауырлап кетті. Әже сөйлемей, ештеңе ішпей қалды деген сообщение келгенде қатты қиналдым, барсам, әже: “сен келгесін болдығо, Құдай жаным-ау” деп қолымды сүйе берді. Әжем Қарашаева Иба үшін дұғада болыңыздаршы”, - деп жазды ол. 

Иба әжей соңғы жылдары әлеуметтік желі қолданушыларына жақсы таныс тұлғаға айналған еді. Немересімен бірге түсірген бейнероликтері миллиондаған қаралым жинап, көпшілік оның ақжарқын күлкісіне, қарапайым болмысына және өмірлік тәжірибеге толы сөздеріне тәнті болған.

Қайғылы хабардан кейін әлеуметтік желіде көңіл айту жазбалары көбейді. Желі қолданушылары марқұмның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтып, Иба әжейдің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болуын тіледі.