Астана тұрғынын жеке өміріне қатысты мәліметтерді жариялаймын деп қорқытып, одан 17,6 млн теңгеден астам ақша бопсалаған ер адам 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.
Сот материалдарына сәйкес, сотталушы жәбірленушінің жеке өміріне қатысты мәліметтерді пайдаланып, оларды жариялайтынын айтып, психологиялық қысым көрсеткен. Бопсалауды күшейту мақсатында ол мессенджерде өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған жалған аккаунт та ашқан.
Сотталушы осы аккаунт арқылы жәбірленушіні ақша беруге мәжбүрлеп, төлем жасалған жағдайда өзі туралы мәліметтерді таратпауға уәде берген.
Қорқытудың шындыққа айналуынан қауіптенген жәбірленуші оған жалпы сомасы 17,6 млн теңгеден астам ақша берген.
Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдейтін тиісті дәлелдемелерді ұсынды. Нәтижесінде ер адам 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.