Freedom Inside '26

Жеке деректерін жіберген: ақтөбелік интернет-алаяқтың құрбаны болды

Жеке деректерін жіберген: ақтөбелік интернет-алаяқтың құрбаны болды
24.kz

Ақтөбе облысында CyberPol бөлімшесінің қызметкерлері интернет арқылы жасалған алаяқтық дерегін ашып, заңсыз микрокредит рәсімдеген күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ult.kz.

Полицияға жүгінген облыс тұрғыны Instagram әлеуметтік желісінде 1 миллион теңге көлемінде несие алуға көмектесу туралы жарнаманы көріп, көрсетілген сілтеме арқылы өткенін айтқан.

Кейін WhatsApp мессенджері арқылы белгісіз адаммен хат алмасқан жәбірленуші оған жеке деректерін, жеке куәлігінің фотосуретін, өз суретін және SMS арқылы келген растау кодын жіберген.

Алайда қажетті мәліметтерді алғаннан кейін күдікті байланысқа шықпай қойған. Бір айдан соң тұрғын өзінің атына микроқаржы ұйымдарының бірінен несие рәсімделгені және оны өтеу қажеттігі туралы хабарлама алған.

Келтірілген шығын көлемі 260 мың теңгені құрады.

Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Ол Ақтау қаласының 23 жастағы тұрғыны болып шықты.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.