Қазақстанда зейнетақы аннуитетін мұраға қалдыру тәртібіне маңызды өзгеріс енгізілді. Енді мұрагерлер қайтыс болған азаматтың шотында қалған қаражатты бірден толық көлемде алу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Оның айтуынша, тиісті норма ресми түрде күшіне енген.
Бұған дейін зейнетақы аннуитетін алып жүрген адам қайтыс болған жағдайда, шоттағы қалған қаражат мұрагерлерге бірден берілмейтін. Отбасы мүшелері бұл қаржыны тек ай сайынғы төлем түрінде алып, процесс бірнеше жылға созылуы мүмкін еді.
Жаңа тәртіпке сәйкес, мұрагерлерге таңдау құқығы берілді. Олар бұрынғыдай ай сайынғы төлемдерді алуды жалғастыра алады немесе шотта қалған қаражатты толық көлемде біржолғы төлем ретінде рәсімдей алады.
Депутаттың айтуынша, бұл өзгеріс зейнетақы аннуитеті жүйесін азаматтар үшін анағұрлым икемді әрі қолжетімді етеді. Енді отбасы өзіне қолайлы төлем тәсілін дербес таңдай алады.