Kozachkov Offside Telegram арнасы Блогер Сауле Ермаханованың пластикалық ота кезінде қаза табуына қатысты тың мәліметтер жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Марқұмның туыстары мен достарының айтуынша, қайғылы жағдай туралы оларға бірден хабар берілмеген. Сондай-ақ олар Smart Beauty клиникасы жедел жәрдем шақырмағанын және біраз уақыт бойы марқұмды көрсетпегенін алға тартқан.
Жазба авторы пластикалық хирургия саласында реаниматологтардың жетіспеуі, дәрігерлердің біліктілігіне қатысты сұрақтар мен құжат мәселелері болуы мүмкін екенін айтқан. Оның пікірінше, бұл салада бақылау әлсіз, ал кей клиникалар медициналық мекемеден гөрі бизнес қағидатымен жұмыс істейді.
– Жыл сайын әйелдер көз жұмады. Дәрігерлер жауапкершіліктен құтылып кетеді, ал клиника иелері мен басшылары көбіне жауап бермейді. Кей жағдайда қайғылы оқиғадан кейін заңды тұлға қайта тіркеліп, тек атауы өзгеріп, жұмысын жалғастыра береді, – делінген жазбада.
Сондай-ақ автор қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл жағдайдан кейін пластикалық хирургия саласына қатысты тексерулер күшеюі мүмкін екенін атап өткен.