«Жедел жәрдем кіре алмайды»: Алматыда шлагбаумдарға талап күшейді

«Жедел жәрдем кіре алмайды»: Алматыда шлагбаумдарға талап күшейді
Depositphotos.сom

Алматыда аулаға шлагбаум орнатуға қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Енді тұрғындар тосқауылды өз бетінше орната алмайды. Ол үшін бірқатар талапты орындап, аудан әкімшілігінің келісімін алу қажет. Бұл туралы КТК хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.

Жаңа ережелер 16 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді. Оған сәйкес, орнатылатын шлагбаум қауіпсіздік талаптарына сай болуы және апаттық әрі коммуналдық қызметтердің аулаға кедергісіз кіруіне мүмкіндік беруі тиіс. Құрылғы төтенше жағдайда автоматты түрде ашылатын жүйемен жабдықталуы керек.

Алматы қалалық жол қозғалысы және жолаушылар көлігі департаментінің мәліметінше, шлагбаум орнату туралы шешімді кондоминиумның ортақ меншігіндегі аумақта тұратындар қабылдай алады. Ол үшін мүлік иелерінің үштен екісінен астамының келісімі қажет. Бұдан кейін аудан әкімшілігінен рұқсат алынуы тиіс.

Тұрғындар бұл талаптардың аулалардағы көлік қозғалысын реттеуге мүмкіндік беретінін айтады. Мәселен, Сергей Кимнің айтуынша, оның ауласы көлік жүргізушілері кептелісті айналып өту үшін пайдаланатын жолға айналған. Соның салдарынан балалар ойнайтын аумақта көлік көп жүреді.

Қалада бұрыннан орнатылған шлагбаумдар бірден алынып тасталмайды. Алайда олардың иелері белгіленген тәртіппен қайта рәсімдеуден өтіп, құрылғыларын жаңа талаптарға сәйкестендіруі қажет.

Төтенше жағдайлар қызметі жабық аулаларға кіре алмай қалатын жағдайлар бар екенін айтып отыр. Сондықтан жаңа талаптардың басты мақсаты – өрт сөндіру және жедел жәрдем көліктерінің тұрғын үйлерге кедергісіз жетуін қамтамасыз ету.

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Руслан Қасеновтің айтуынша, мамандар шлагбаумдардың төтенше жағдай кезінде автоматты ашылуын қамтамасыз ететін дыбыстық детекторларды орнату бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

Жаңа талаптарды бұзып, шлагбаумды заңсыз орнатқан тұрғындарға жауапкершілік қарастырылған. Көгалдандыру ережелерін бұзғаны үшін 86 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.