Өзгеріс пен жаңғыру үдерісі үздіксіз жүріп жатқан заманда даму мәселесі әрбір адам үшін маңызды тақырыпқа айналды. Адам баласы дүниеге белгілі бір қабілетпен келетіні рас. Алайда сол табиғи дарынын қаншалықты аша алады? Қабілетті шыңдау үшін қандай қадам жасау қажет? Осы сауалдарға жауап іздеу – әсіресе жас буын үшін аса өзекті, деп хабарлайды ult.kz.
Бүгінде кейбір жастар мамандық таңдауда өз жүрек қалауына емес, өзгенің пікіріне сүйеніп жатады. Бірі ата-анасының кеңесіне жүгінсе, енді бірі «сұранысқа ие мамандық» немесе «табысы жоғары сала» деген түсінікпен шешім қабылдайды. Әрине, мұндай таңдаудың өзіндік себептері бар. Дегенмен ел болашағы жастардың қолында екенін ескерсек, олардың өз қабілетін танып, саналы түрде таңдау жасауы аса маңызды. Себебі қоғамның ертеңі – бүгінгі білім алып жатқан жас ұрпақ.
Осы тұрғыда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті студенттері жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Қай факультетті алсақ та, жастар тек білімде ғана емес, өнерде, спортта, қоғамдық жұмыстарда, ұйымдастырушылық қабілетте де белсенділігін танытып келеді. Бұл – олардың ой-өрісінің кеңдігін, заман талабына бейім екенін көрсетеді.
Біз білім алып жүрген физика-техникалық факультетінде де осындай қарқын байқалады. Қазіргі бәсекелестік заманында бір ғана мамандықпен шектелу жеткіліксіз екені анық. Сондықтан студенттер негізгі кәсіби біліммен қатар, қосымша дағдыларды меңгеруге, шығармашылық және ғылыми ізденістерге ерекше мән береді. Көптеген жастар қоғамдық жобаларға қатысып, еріктілік қызмет атқарып, көшбасшылық қабілеттерін дамытып жүр.
Университет қабырғасында өтетін ғылыми конференциялар мен семинарларға студенттердің белсенді қатысуы – соның айғағы. Олар тек өз оқу орнында ғана емес, қалалық және республикалық деңгейдегі ғылыми жиындарда баяндама жасап, жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл – ізденіс пен табандылықтың нәтижесі.
Факультет ішіндегі ғылыми үйірмелер де студенттердің білімін тереңдетуге зор мүмкіндік береді. Бос уақыттарында жастар ғылыми жобалар әзірлеп, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, жаңа идеялар мен заманауи жаңалықтарды талқылайды. Осындай белсенділік олардың кәсіби әрі тұлғалық дамуына серпін беріп отыр.
Шынында да, жастар – еліміздің ертеңі, тәуелсіздігіміздің тірегі, байтақ жеріміздің қорғаны. Бүгінгі ізденіс пен білім ертең ел абыройын асқақтататын үлкен жетістікке айналары сөзсіз.
Біздің сеніміміз берік. Жас буын арманын жүзеге асырып, Алаш елінің даңқын биікке көтереді. Себебі олардың жүрегінде мақсат, санасында білім, бойында қайрат бар.
Ғылыми физика мамандығының 4-курс студенті:
Тулекова Еркежан
PhD доктор, Теориялық және ядролық физика кафедрасының доценті
Таукенова Алия Сембековна