Жанель Мақажан бұрынғы күйеуімен не себепті ажырасып кеткенін айтты

Жанель Мақажан бұрынғы күйеуімен не себепті ажырасып кеткенін айтты
Фото: әлеуметтік желі

Актриса Жанель Мақажан әлеуметтік желідегі оқырманының сұрағына жауап беріп, бұрынғы күйеуімен ажырасуына не себеп болғанын ашық айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесінің сөзінше, отбасылық өмірінде күйеуінің туыстарымен арадағы түсініспеушілік, қолдаусыздық және опасыздық сияқты жағдайлар болған. Оның айтуынша, бұрынғы жолдасы әйелін де, балаларын да өз туыстарының қысымынан қорғай алмаған.

Жанель Мақажан күйеуінің анасының, достары мен айналасындағы адамдардың пікіріне тым тәуелді болғанын айтып, бұл жағдайдың отбасына кері әсер еткенін жеткізді.

«Күйеуің сені, бала-шағаңды өз туыстарына талатып отырса, өз отбасын шын мәнінде қорғамаса, шешесінің, жанындағы психологтарының, достарының айтқанына еріп, саған талағын беріп, отбасын тастап кетсе… Бірақ ел алдында керемет әке, жардың бейнесінде жүрсе – қиын екен. Денсаулығыңның қалай нашарлап бара жатқанын да байқамай қалады екенсің. Шешесінен сепарация жоқ, өзіңе қарсы шығып, шешесімен бірге сені өз үйіңнен қуса, ол да оңай емес», – деп жазды актриса.

Оның сөзінше, некені сақтап қалу үшін бар күшін салған. Уақытын, қаражатын және энергиясын отбасы үшін жұмсағанымен, мұндай жауапты екінші тараптан көрмеген.

Сонымен қатар актриса бұрынғы күйеуінің оған опасыздық жасағанын да айтты.

«Біз, әйелдер, сенеміз ғой, барымызды береміз: энергиямызды, ақшамызды, мотивациямызды. Екі дүниенің бақытын бірге көреміз деп барыңды саласың. Сол жерде ақымақ болғаныңды түсінесің. “Бәрі керемет болады” деген аңғал үмітпен жүресің. Одан қалды сені алдап, опасыздық жасаса, сатқындық жаныңды қатты ауыртады екен», – деді Жанель Мақажан.

Актриса сондай-ақ тұрмысқа шықпас бұрын болашақ жарының отбасымен қарым-қатынасына да назар аудару қажет екенін айтты. Оның пікірінше, ер адамның жақындары қарым-қатынасқа бастапқыдан қарсылық білдірсе, мұндай жағдайға немқұрайды қарамаған жөн.

«Ерлі-зайыпты қол ұстасып, бәрін бірге жеңуге дайын болса, отбасын сақтап қалуға болады. Ал ерің отбасын емес, өз туыстарының айтқанын таңдап кетсе, одан не қайыр? Бұл – басы ғана. Бәрін айтсам, есеңгіреп, өмірде ешкімге сенбей кетесіздер», – деп түйіндеді актриса.

Айта кетейік, бұған дейін Жанель Мақажан күйеуінен бөлек кеткенін айтқан еді. Сонымен қатар, өнер иесі Ләйлә Сұлтанқызына ата-ана қарсылығына қарамай үйленгенін бүкпесіз айтқан еді.