Шығыс Қазақстан облысында алтынды заңсыз өндіру әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды ult.kz.
Полиция құрамында алтыны бар шикізатты заңсыз өндірумен және өңдеумен айналысқан топтың қызметіне тосқауыл қойды. ІІМ мәліметінше, қаскөйлер бір ЖШС-нің заңды қызметін бүркемелеп әрекет еткен.
Жедел іс-шаралар барысында 63 адам ұсталды, олардың арасында схеманың болжамды ұйымдастырушылары мен жетекшілері бар.
Ұсталғандар арасында өңір аумағында заңсыз жұмыс істеп келген 13 шетел азаматы да бар.
ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, тінту кезінде полицейлер бірнеше автокөлік пен арнайы техниканы, ірі көлемде ақшалай қаражатты (оның ішінде 40 мың АҚШ долларынан астам), құрамында алтыны бар шикізатты, алтынды, сондай-ақ құжаттар мен басқа да заттай айғақтарды тәркіледі.
Алдын ала мәліметтер бойынша, пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтірген.
Салдарынан топырақ қабаты мен табиғи ландшафт бұзылып, жер учаскелеріне зақым келген. Экологиялық залалдың көлемін қазіргі уақытта тағайындалған сараптамалар аясында мамандар анықтап жатыр.
Бағалы металдардың заңсыз айналымы дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сонымен қатар қоршаған ортаға зиян келтіруге қатысты басқа да ықтимал қылмыстар тексеріліп жатыр Тергеу қорытындысы бойынша түпкілікті құқықтық сараптама жасалады.
"Қазіргі уақытта жасалған қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға, құқыққа қайшы схеманың өзге де қатысушыларын әшкерелеуге, сондай-ақ барлық қатысы бар адамды заңмен белгіленген жауапкершілікке тартуға бағытталған тергеу және жедел іс-шаралар кешені жүргізіліп жатыр", - деп атап өтті ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Бұған дейін Абай облысы Жарма ауданы аумағында бағалы металдарды өндіру бойынша заңсыз қызметтің жолы кесілгені хабарланған. ҚМА ауқымды арнайы операцияның видеосын жариялады. Заңсыз әрекет барысында топырақ қабаты, соның ішінде құнарлы қабат жаппай бүлінген. Алтын түстес металл, жуу жабдықтары, арнайы техника мен автокөліктер тәркіленді.