Жаңаөзенде мұнай-газ кәсіпорнының өндірістік нысандарынан жабдықтарды бірнеше рет ұрлады деген күдікпен ер адам ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, «Металл» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция Теңге ауылындағы ұңғымалардың бірінен екі шиберлі ысырманың ұрланғанын анықтаған. Жабдықтардың жалпы құны 1,5 млн теңгеден асады.
Жедел-іздестіру шаралары кезінде күдікті анықталып, оның кәсіпорын мүлкін ұрлаудың тағы бес дерегіне қатысы болуы мүмкін екені белгілі болды. Осылайша, ер адам барлығы алты ұрлыққа күдікті болып отыр.
Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы негізінде қылмыстық істер қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір ұрланған жабдықтарды іздеу және басқа адамдардың қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.