Сотталған блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеновадан тәркіленген автокөліктер сатылымға шығарылды. Тиісті хабарландырулар E-Qazyna мемлекеттік мүлік тізілімі порталында жарияланды, деп хабарлайды ult.kz.
Сатылымға 2025 жылы шығарылған Hyundai Elantra маркалы сегіз көлік қойылған. Барлығы да Zhana Business ЖШС атына тіркелген. Компания басшысы – сотталған Эльмира Төлегенова.
Қазіргі уақытта көліктер Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің теңгерімінде тұр. Әр автокөліктің бағалау құны 8 млн 395 мың теңгені құрайды. Алайда бастапқы сату бағасы әзірге көрсетілмеген.
Құжаттарға сәйкес, көліктерді сатып алуға құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар, сондай-ақ Президенттің, саяси мемлекеттік қызметшілер мен Парламент депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін органдар ғана өтінім бере алады.
Автокөліктерге арест қойылған. Олардың техникалық жағдайын тексеру мүмкін емес екені көрсетілген. Сонымен қатар жүк салғыштарында қосалқы дөңгелек пен стандартты құрал-саймандар жиынтығы жоқ.
Еске салсақ, сәуір айында Астана соты Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованы заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру бойынша кінәлі деп таныған болатын. Сот үкімімен олардың мүлкі тәркіленіп, әртүрлі жаза тағайындалған.