Freedom Inside '26

Жаңа бизнеске 1,7 млн теңге: Алматыда грант беру басталады

Жаңа бизнеске 1,7 млн теңге: Алматыда грант беру басталады
ңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Алматыда әлеуметтік осал топтарға арналған жаңа бизнес-идеяларды қолдауға бағытталған мемлекеттік гранттарға өтінім қабылдау басталады. Бұл туралы Алматы қаласының Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Әділет Жанабаев мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Оның айтуынша, өтінімдер 2026 жылғы 24 маусым мен 8 шілде аралығында Business.enbek.kz порталында қабылданады. Мемлекеттік грант – қайтарымсыз қаржылай қолдау, оның мөлшері 400 айлық есептік көрсеткішке, яғни шамамен 1 млн 730 мың теңгеге тең.

Бағдарламаға жұмыссыз азаматтар мен тіркелгеніне бір жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Сондай-ақ үміткерлер белгілі бір әлеуметтік санаттарға жатуы тиіс. Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі азаматтар, қандастар, көпбалалы отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар және өзге де әлеуметтік топтар бар.

Грантқа үміткерлердің міндетті талаптарының бірі – «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, Skills.enbek.kz платформасынан сертификат алу. Оқу курсы 14 күнге созылады, ал сертификаттың жарамдылық мерзімі – үш жыл.

Жаңа ережеге сәйкес, грант алған азаматтар 18 ай ішінде кемінде бір жұмыс орнын ашып, тіркелген жұмыссыз азаматты жұмысқа орналастыруға міндетті.

Грант қаражаты құрал-жабдық, технологиялық жабдық, тұқым, көшет және кәсіпкерлікке қажетті өзге де заттарды сатып алуға жұмсалуы мүмкін. Ал несие жабу, тұрғын үй сатып алу немесе жеке тұтынушылық шығындарға бұл қаражатты пайдалануға тыйым салынған.

Биыл Алматыда бірінші кезеңде 190 грант беріледі, жалпы жыл ішінде 380 грант бөлу жоспарланған.