Салық органдары мобильді аударымдар арқылы кәсіпкерлік табыс жасыруы мүмкін деген күдікке ілінген қазақстандықтарға хабарламалар жібере бастады. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Оның айтуынша, 1-тоқсанға қатысты мобильді аударым деректері сәуір айында салық органдарына түскен. Мәліметтер өңделгеннен кейін, мамыр айынан бастап азаматтарға ескертулер жіберіле бастаған.
Мониторинг үш негізгі санаттағы тұлғаларды қамтиды:
Біріншіден, ресми түрде кәсіпкер ретінде тіркелмеген, бірақ кәсіпкерлікке ұқсас тұрақты табыс алып жүрген жеке тұлғалар.
Екіншіден, оңайлатылған салық режимінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер. Олар табыстарын жартыжылдық есептілік кезінде декларацияға енгізе алады.
Үшіншіден, жалпыға бірдей салық режиміндегі жеке кәсіпкерлер. Олар жылдық декларация тапсыру барысында бұл кірістерді көрсетуі тиіс.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі кезеңде салық органдары жазалау емес, ескерту сипатындағы сервистік тәсіл қолдануда.
«Біз бұл табыстарды көріп отырмыз, жақын арада декларация тапсыру мерзімі келеді. Сондықтан оны декларацияға енгізуді сұраймыз. Егер тіркелмеген жеке тұлға болса, ресми тіркелуді ұсынамыз», – деді ол.
Қазірше ешқандай айыппұл салынған жоқ, азаматтарға қателіктерін түзетуге мүмкіндік беріліп отыр.
Бірінші кезеңде хабарламалар негізінен жеке тұлғалар мен бейрезиденттерге жіберілген. Ал жеке кәсіпкерлерге ескертулер салық төлеушінің кабинеті арқылы жолданады.
Сонымен қатар, өз-өзіне жасалған аударымдар бақылауға алынбайтыны айтылды. Бірақ кәсіпкерлер кәсіптік қызмет үшін жеке банк шотын пайдалануы тиіс.
Салық органдары мобильді аударымдарды мына үш негізгі белгі бойынша тексереді:
3 ай ішінде 100 және одан да көп адамнан түскен аударымдар;
жалпы сомасы 1 020 000 теңгеден асса;
кәсіпкерлік қызметке ұқсас тұрақты түсімдер байқалса.