Жамбылда екінші сынып оқушысына зорлық жасаған ер адам өмір бойына түрмеге қамалды

Жамбылда екінші сынып оқушысына зорлық жасаған ер адам өмір бойына түрмеге қамалды
24.kz

Жамбыл облысында кәмелетке толмаған туысына жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасаған ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы өңірдің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға күндіз, қыздың ата-анасы үйде болмаған кезде болған. Сотталушы үйге Wi-Fi паролін сұрау сылтауымен кірген. Сол сәтте үйде қарт атасы мен бесіктегі сәби ғана болған. Тергеу мәліметінше, осы жағдайды пайдаланған ер адам қылмыстық әрекетке барған.

Сотта оған Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігі («Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері») бойынша айып тағылды.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Айыпталушы кінәсін ішінара мойындаса, жәбірленуші тарап оны кешірмейтінін мәлімдеді.

Сот үкімімен ер адам аталған бап бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.