Жамбыл облысында заманауи суару жүйесі мен дербес электр қуатымен жабдықталған жасырын есірткі плантациясы анықталды. Арнайы операция кезінде 438 келіден астам есірткі мен қару-жарақ тәркіленіп, күдікті ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Полиция мәліметінше, плантация «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілген әуе барлауы кезінде анықталған. Құмды алқапқа жақын аумақта орналасқан жасырын плантацияны бұрын бірнеше рет сотталған 40 жастағы ер адам күтіп-баптаған.
Күдікті қарасораны өсіріп, өңдегеннен кейін еліміздің өзге өңірлеріне көтерме бағамен сатуды жоспарлаған.
Тінту барысында биіктігі екі метрден асатын 50 түп қарасора, агротехникалық құрал-жабдықтар, есірткі тасымалдауға пайдаланылған жол талғамайтын көлік тәркіленді. Сонымен қатар сериялық нөмірі өшірілген «Макаров» тапаншасы, «Байкал» мылтығы және оқ-дәрілер табылды.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 300-бабы («құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсіру») және 287-бабы («заңсыз қару сақтау») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазір полиция қылмысқа қатысы болуы мүмкін өзге де адамдарды анықтап жатыр.