Freedom Inside '26

Жамбыл облысында пара алды деп айыпталған экс-полицейлер сотталды

Жамбыл облысында пара алды деп айыпталған экс-полицейлер сотталды
Ашық дереккөзден

Тараз қалалық №2 соты Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Жайдарбек Құттыбаевты пара алу ісі бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырды. Ал Талас аудандық полиция бөлімінің бұрынғы басшысы міндетін атқарған Еркен Абаев 5 жылға сотталды, деп хабарлайды ult.kz.

Сот шешімімен екеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқығынан, сондай-ақ арнайы атақтарынан айырылды.

Айыпталушылар өз кінәларын мойындамай, қылмыстық істің қолдан ұйымдастырылғанын айтып, ақтауды сұрады. Қорғаушылар айыптау негізінен жәбірленушінің сөздеріне сүйенгенін және іс материалдарында жеткілікті дәлелдердің жоқ екенін мәлімдеді.

Соңғы сөзінде Жайдарбек Құттыбаев құқық қорғау саласында 29 жыл қызмет еткенін айтып, тергеу ұсынған дәлелдер оның кінәсін растамайтынын жеткізді. Оның айтуынша, жәбірленуші тергеу барысында бірнеше рет жауабын өзгерткен.

Еркен Абаев пен оның қорғаушылары да айыптаудың даулы айғақтарға негізделгенін алға тартты. Алайда сот куәлардың жауаптары мен өзге де дәлелдерді зерттей келе, айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденген деген қорытындыға келді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Сотталғандардың жақындары жоғары тұрған сотқа шағым түсіретіндерін мәлімдеді.