Жамбыл облысында полицейлер 24 келіден астам марихуананың заңсыз айналымына жол бермей, есірткі сақтады деген күдікпен 60 жастағы тұрғынды ұстады, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметәнше, операция «Қарасора – 2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өткізілді. Іс-шараға Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен Ұлттық ұланның №6506 әскери бөлімінің «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасағы қатысты.
Шу ауданына қарасты Тасөткел ауылы маңындағы құмды алқапта полицейлер 60 жастағы жергілікті тұрғынды қолға түсірді. Оқиға орнын қарау барысында орақ, қолғап және өзіне тән иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес зат салынған төрт қаптама тәркіленді.
Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген заттың жалпы салмағы 24 келіден асатын марихуана екені анықталды.
Тергеу барысында күдіктінің жабайы өсетін қарасораны заңсыз жинап, кептіріп, кейін сатуды жоспарлағаны белгілі болған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сот санкциясымен күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.