Ақтөбеде 22 жастағы жігіт әкесінің көлігін рұқсатсыз мініп кетіп, небәрі үш күннің ішінде жол қозғалысы ережесін 33 рет бұзған, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жас жігіт әкесінің үйде жоқтығын пайдаланып, оның Toyota маркалы автокөлігін алып кеткен. Кейін көлікке шетелдік мемлекеттік тіркеу нөмірін тағып, қала көшелерінде емін-еркін жүрген.
Алайда оның бұл әрекеті нәтиже бермеген. Үш күн ішінде жүргізуші жол қозғалысы ережесін 33 рет бұзып, жалпы сомасы 1 миллион 300 мың теңгеден асатын айыппұл арқалаған. Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі жылдамдықты белгіленген мөлшерден асыруға қатысты болған.
Аталған дерек бойынша жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, автокөлік айып тұрағына қойылды.
Полиция көлікке өзге мемлекеттік тіркеу нөмірін тағу арқылы бейнебақылау камераларынан жасырыну мүмкін емес екенін ескертіп, мұндай әрекеттердің заң алдында жауапкершілікке әкелетінін мәлімдеді.