Жалған контентке тосқауыл: TikTok пен YouTube-қа жаңа талаптар ескертілді

Жалған контентке тосқауыл: TikTok пен YouTube-қа жаңа талаптар ескертілді
egemen.kz

Қазақстан аумағында жұмыс істейтін TikTok, YouTube және өзге де цифрлық платформалар ұлттық заңнама талаптарын, оның ішінде жасанды интеллект көмегімен жасалған контентке қатысты нормаларды сақтауға міндетті. Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхаметқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Оның айтуынша, заң талаптары тек контент авторларына ғана емес, Қазақстанда қызмет көрсететін барлық цифрлық платформаларға да қолданылады.

– TikTok Қазақстанда ресми түрде жұмыс істейді. Кейбір платформалардың елімізде кеңсесі болмауы мүмкін. Соған қарамастан, олар заңды тұлға ретінде Қазақстан заңнамасының талаптарын орындауға міндетті, – деді вице-министр.

Бақтияр Мұхаметқалиев жасанды интеллект арқылы жасалған контентті таңбалау тек сайлау науқаны кезінде ғана емес, күнделікті ақпараттық кеңістікте де маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, соңғы уақытта ЖИ көмегімен дайындалған жалған ақпарат пен интернет-алаяқтық әрекеттерінің саны артып келеді.

Айта кетейік, бүгін Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) алаңында сайлауалды кезеңдегі жасанды интеллектінің рөлі, цифрлық технологиялардың ықпалы және фейк ақпаратпен күрес мәселелері талқыланып жатыр.