«Жалақысы жоғары жұмыс» деп алдаған: Шымкентте есірткі сайттарын жарнамалаған адам ұсталды

«Жалақысы жоғары жұмыс» деп алдаған: Шымкентте есірткі сайттарын жарнамалаған адам ұсталды
rbc.ru

Шымкентте есірткі сататын интернет-ресурстарды жарнамалаған жергілікті тұрғын ұсталды. Бұл туралы полиция мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу барысында күдіктінің қала аумағында есірткі сатуға арналған тыйым салынған сайттардың жарнамасы бар жапсырмаларды орналастырғаны анықталған.

Жапсырмаларда жоғары жалақы төленетін жұмыс ұсынылып, есірткі тарататын интернет-ресурстардың мекенжайлары көрсетілген. Полицейлер жарнамалық материалдарды тәркіледі.

Қазір аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полицияның мәліметінше, есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен сол тектестерді насихаттау немесе жарнамалау мүлікті тәркілеумен қатар, үш жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.

Ал білім беру ұйымдарында немесе адамдар көп жиналатын орындарда есірткіні жарнамалау, сондай-ақ мұндай әрекетті бірнеше рет жасау үш жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Айта кетейік, бұған дейін есірткіге тәуелділік мәселелері бойынша кеңес беретін жаңа сервис іске қосылған еді.