Freedom Inside '26

Халықаралық іздеудегі қазақстандық 17 жылдан кейін қолға түсті

Халықаралық іздеудегі қазақстандық 17 жылдан кейін қолға түсті
Видеодан скриншот

Бас прокуратура Қырғызстаннан ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматын экстрадициялады, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу мәліметінше, күдікті 2007-2008 жылдары Алматыда әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топты басқарған. Ол топ мүшелерімен бірге қазақстандық банктердің бірінен қайтарылмайтыны белгілі несиелерді рәсімдеу арқылы 183 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырған.

Тергеу дерегіне сәйкес, қолды болған қаражат қылмыстық топ мүшелері арасында бөлініп, жеке мақсаттарына жұмсалған.

Қылмыстан кейін топтың бірқатар мүшелері сотталған. Ал күдікті құқық қорғау органдарынан жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.

Биыл ақпан айында ол Бішкек қаласында қолға түсіп, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы негізінде елге экстрадицияланды. Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды.

Оған тағылған айыптар бойынша мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.