Полиция интим трансляция ұйымдастырған вебкам-студияны әшкереледі

Полиция интим трансляция ұйымдастырған вебкам-студияны әшкереледі
Видеодан скриншот

Алматыда полицейлер пәтерлердің бірінде жұмыс істеп тұрған заңсыз вебкам-студияны әшкереледі. Күдіктілердің бірі интим сипаттағы онлайн-трансляция жүргізіп отырған сәтте ұсталған, деп хабарлайды ult.kz.

Полицияның мәліметінше, арнайы операцияны Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы мен Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері бірлесіп жүргізген.

Алдын ала мәлімет бойынша, пәтер ақылы интим сипаттағы интернет-трансляциялар өткізу үшін арнайы жабдықталған.

Тінту барысында тәртіп сақшылары компьютерлік техника, бейнекамералар, трансляция жасауға арналған құрылғылар және тергеуге маңызды басқа да айғақтарды тәркіледі. Онлайн эфир жүргізген қыз бен студия әкімшісі полиция бөлімшесіне жеткізілді.

«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында заңсыз қызметтің барлық мән-жайы, сондай-ақ вебкам-студияны ұйымдастыруға және оның жұмысына қатысы бар басқа да тұлғалар анықталуда», – деп хабарлады полиция.

Құқық қорғау органдары интернет арқылы жасалған заңсыз әрекеттердің барлығы цифрлық із қалдыратынын атап өтті. Сондықтан мұндай құқықбұзушылықтар тергеу барысында анықталып, кінәлілер заң алдында жауап беретінін ескертті.