Павлодар облысындағы мемлекеттік шекарада VIN-коды тіркеу құжатындағы мәліметтерге сәйкес келмейтін автокөлік анықталып, жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ult.kz.
Павлодар облысы соттарының мәліметінше, Успен аудандық соты жалған мемлекеттік тіркеу деректері бар көлікті басқарған азаматқа қатысты әкімшілік істі қарады.
Оқиға "Қосақ" өткізу бекетінде тіркелген. Шекаралық бақылау кезінде көліктің VIN-коды көлік құралын тіркеу туралы куәліктегі мәліметтермен сәйкес келмейтіні анықталған. Осыдан кейін автокөлік полиция қызметкерлерінің қарауына алынды.
Сот отырысында жүргізуші кінәсін толық мойындап, көлікті 2025 жылдың желтоқсанында дәл осы күйінде сатып алғанын айтты. Сондай-ақ оның басқа көлігі жоқ екенін жеткізді.
Сот жүргізушінің жалған мемлекеттік тіркеу деректері бар көлікті басқарғанын анықтап, бұл әрекетті Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 4-бөлігіне сәйкес құқықбұзушылық деп таныды. Жаза тағайындау кезінде сот оның кінәсін мойындағанын, жасаған ісіне өкінетінін және асырауында кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот қаулысымен жүргізуші бір тәулікке әкімшілік қамауға алынып, бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Ал тәркіленген автокөлік заңды иесіне қайтарылатын болды. Сот шешімі заңды күшіне енді.