ҰҚК 242 млн теңгелік Steppe Rider ойынын тексереді

ҰҚК 242 млн теңгелік Steppe Rider ойынын тексереді
uchitelskaya.kz

Қазақ тілін үйретуге арналған Steppe Rider білім беру ойынын әзірлеуге жұмсалған 242 млн теңгеге қатысты тексеру басталды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Бүгін Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте министрден қомақты қаржыға әзірленген ойынның нәтижесіне министрлік қаншалықты көңілі толатыны сұралды.

Саясат Нұрбектің айтуынша, тексеріс жүргізуге министрліктің өзі бастамашы болған.

«Бұл мәселе бойынша тексеру жүргізу туралы ҚР ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне және Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне өтінім жолдадық», – деді министр.

Оның мәліметінше, қазіргі таңда тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша шешім қабылданады.

«Осыдан кейін тиісті шешім жарияланады деп ойлаймын. Бұл мәселе тексеруші органдардың құзыретіне жатады», – деді Саясат Нұрбек.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің мәліметінше, Steppe Rider – қазақ тілін ойын арқылы үйретуге бағытталған жоба. Онда раннер және викторина элементтері біріктірілген.

Ойын барысында пайдаланушы қар барысымен бірге саяхаттап, түрлі тапсырмаларды орындайды, әріптер мен сөздерді жинап, жаңа тақырыптар мен деңгейлерді ашады.