Түркістан облысында заңсыз жер қойнауын пайдалану фактісі бойынша жұмыс істеген 12 шетелдік анықталды, деп хабарлайды ult.kz.
Түркістан облысында полиция қызметкерлері көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланудың жолын кесу және заңсыз жер қойнауын пайдалануға қарсы іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Кезекті тексеру барысында Түлкібас ауданында көші-қон заңнамасын бұзу дерегі анықталды. Белгілі болғандай, 12 шетел азаматы экскаватор мен жүк көліктерін пайдаланып, заңсыз жер қойнауын игеру жұмыстарына қатысқан.
Аталған азаматтардың барлығына қатысты көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылып, материалдар сотқа жолданды. Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны және көші-қон талаптарын бұзғаны үшін қабылдаушы тарап та әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полицияның жедел әрекетінің нәтижесінде шетел азаматтарының заңсыз еңбек қызметі тоқтатылып, заңсыз жер қойнауын пайдалану жұмыстарын жалғастыруға жол берілмеді.