Freedom Inside '26

Түркістанда мектеп директоры парамен ұсталып, 4 жыл 8 айға сотталды

Түркістанда мектеп директоры парамен ұсталып, 4 жыл 8 айға сотталды
24.kz

Түркістан облысында мектептің бұрынғы директоры лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, мұғалімдерге заңсыз біліктілік санаттарын бергені және пара алғаны үшін сотталды. Апелляциялық және кассациялық қараудан кейін ол кінәлі деп танылып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.

Бас прокуратура мәліметінше, тергеу деректеріне сәйкес, ол мемлекеттік функцияларды орындауға теңестірілген тұлға бола отырып, міндетті аттестация мен тестілеуден өтпеген мұғалімдерге негізсіз біліктілік санаттарын рәсімдеген. Сондай-ақ бір мұғалімнен пара алғаны анықталды.

Оның заңсыз әрекеттері салдарынан 12 мұғалімге бюджеттен жалпы сомасы 16 млн теңгеден астам еңбекақы негізсіз төленген.

Бастапқы сотта ол ақталғанымен, Бас прокуратураның наразылығынан кейін іс қайта қаралып, сот оны лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану және пара алу бойынша кінәлі деп таныды.

Сот шешімімен ол мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.