Түркістанда ағайынды екі бала каналға батып кетті

Түркістанда ағайынды екі бала каналға батып кетті

Түркістан облысында бір отбасының екі баласы суға батып көз жұмды. Қайғылы оқиға Еңбекші ауылындағы Ошақты суару каналында болған, деп хабарлайды ult.kz.

Sputnik Қазақстан порт алының жазуынша, 2013 және 2018 жылы туған ағайынды Юсуфахмет пен Диас 31 мамыр күні із-түзсіз жоғалып кеткен. Балаларды іздеу жұмыстары тәулік бойы жүргізілді.

Марқұмдардың анасы Айгүл Тамашеваның айтуынша, оқиға болған күні ол таңғы сағат бесте жұмысқа кеткен. Кейін қызы хабарласып, қайғылы жағдайды жеткізген.

«Сағат төрт жарым шамасында қызым хабарласып, "мама, Диас батып кетіпті" деді. Алғашында бір ғана балам деп ойладым. Кейін үлкен ұлымның да суға кеткенін білдім. Ол інісін құтқармақ болған шығар. Бұл каналды жауып тастаса екен. Менің әлі бес балам бар, олар да сол маңға барады», – дейді анасы.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, балалар ойын кезінде ересектердің қарауынсыз қалып, каналға құлап кеткен. Қатты ағыс оларды ағызып әкеткен.

Іздестіру жұмыстары барысында 31 мамыр күні 2018 жылы туған баланың денесі табылды. Ал бір күннен кейін 2013 жылы туған ағасының мәйіті судан шығарылды.

Қайғылы оқиғаға байланысты тұрғындар қауіпті каналдардың қауіпсіздігін күшейту мәселесін көтеріп отыр.