Түркістанда 200 млрд теңгені шетелге шығарған қылмыстық схема анықталды

Түркістанда 200 млрд теңгені шетелге шығарған қылмыстық схема анықталды
baq.kz

Түркістан облысында шетелге 200 миллиард теңгеге жуық қаражатты заңсыз шығарумен, контрабандамен, бопсалаумен және жемқорлықпен байланысты бірнеше қылмыстық схема әшкереленді, деп хабарлайды ult.kz.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жалған кәсіпорындарды пайдалану арқылы Қазақстаннан шетелге шамамен 200 миллиард теңгенің заңсыз аударылғанын анықтаған.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 235-1-бабы 3-бөлігі («Қазақстан Республикасынан валюталық құндылықтарды заңсыз әкету, жолдау және аудару») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары Қырғызстаннан темекі өнімдерін заңсыз тасымалдаған контрабандалық арнаның қызметін тоқтатты. Тергеу мәліметіне сәйкес, темекі өнімдері Түркістан облысына заңсыз жеткізіліп, кейін өңірде және Қазақстанның батыс аймақтарында сатылған.

Жедел іс-шаралар барысында 103 миллион теңгенің темекі өнімі тәркіленді. Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 214-бабы («Заңсыз кәсіпкерлік») негізінде тергеу жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, шекара маңында жүк көлігі жүргізушілерінен жүйелі түрде ақша бопсалап келген қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Прокуратураның мәліметінше, тергеу барысында заңсыз делдалдық арқылы алынған қаражаттың бір бөлігі мемлекеттік органның лауазымды тұлғаларына пара ретінде беріліп отырғаны анықталған.

Қазіргі уақытта осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Қылмыстық схемаға қатысы бар 23 адамның жеке басы анықталып, олардың бесеуі сот санкциясымен қамауға алынды.