Түркістан облысының Кентау қаласында мектеп түлектері ұйымдастырған кортеж әлеуметтік желіде таралып, полицияның назарына ілікті, деп хабарлайды ult.kz.
Тексеру барысында BMW, Toyota, Mercedes-Benz, Changan, Chevrolet және Hyundai көліктерінің жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны анықталды. Атап айтқанда, жолаушыларды тасымалдау талаптарын сақтамау, қауіпсіздік белдігін тақпау және маневр жасау ережелерін бұзу фактілері тіркелген.
Жүргізушілерге қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, көліктер арнайы айып тұрағына қойылды.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері түлектер мен олардың ата-аналарына профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін, қоғамдық тәртіпті және заң талаптарын сақтау қажеттігін ескертті.
Полиция азаматтарды қоғамдық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарап, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.