Түнгі уақытта қатты шу шығарып, тұрғындардың тыныштығын бұзатын автомобильдер мен мотоциклдер мәселесі Үкімет отырысында көтерілді, деп хабарлайды ult.kz.
Жол қауіпсіздігі мәселесі қаралған жиында Премьер-министр Олжас Бектенов Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтен қатты шу шығаратын көлік жүргізушілеріне қатысты қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады.
«Қатты шуылдайтын мото және автокөлік мәселесін бірнеше рет талқыладық. Оларға өте қатаң шаралар қабылдау қажет. Әйтпесе түннің ортасында адамдардың мазасын алып, ұйқы бермей жатыр», – деді Олжас Бектенов.
Ішкі істер министрінің айтуынша, полиция мұндай құқық бұзушылықтарды тәулік бойы анықтап жатыр. Бұл жұмыста бейнебақылау камералары мен басқа да цифрлық технологиялар қолданылады. Сонымен қатар тұрғындар мұндай жағдайлар туралы 102 нөміріне хабарлайды.
Жыл басынан бері 782 дерек тіркелген. Барлық құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 55 адам әкімшілік қамауға алынған.
Құқық бұзушылыққа қатысы бар автокөліктер мен мотоциклдер айыппұл тұрағына жеткізіледі.
Ержан Сәденов бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі күшейту жоспарланып отырғанын айтты.
Премьер-министр тиісті жұмыстарды күшейтуді тапсырды.