Түнгі клубтардан қыз іздеген: Астанада «притон» ұйымдастырған 15 адам ұсталды

Түнгі клубтардан қыз іздеген: Астанада «притон» ұйымдастырған 15 адам ұсталды
astanatv.kz

Астанада екі апалы-сіңлілі әйел күйеулерімен бірге тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерде заңсыз қызмет көрсету орындарын ұйымдастырған. Қылмыстық топтың 15 мүшесіне қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу мәліметінше, топ 2023-2025 жылдары елорда аумағында әрекет еткен. Оның құрамына күзетшілер, әкімшілер және әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы қызметтерді жарнамалаған адамдар кірген.

Ұйымдастырушылар түнгі клубтардан қыздарды іздеп, оларға жоғары табыс, баспана, қауіпсіздік пен құпиялылықты қамтамасыз етуге уәде берген. Тергеу барысында қылмыстық әрекетке кәмелетке толмағандарды тарту дерегі де анықталған.

Прокуратураның мәліметінше, топ мүшелері кейбір клиенттердің мас күйін пайдаланып, оларға күш көрсетіп, ақшасын бопсалаған. Сондай-ақ адамдарды жалға алынған пәтерлерде заңсыз ұстаған.

Барлық 15 қатысушы ұсталып, оларға қатысты қамауға алу және үйқамақ түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылған.

Елорда прокуратурасы қылмыстық істі сотқа жолдады. Айыпталушылардың әрекетіне түпкілікті құқықтық бағаны сот береді.