Тоқаевқа 5,8 трлн теңгеге жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы баяндалды

Тоқаевқа 5,8 трлн теңгеге жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы баяндалды
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдап, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижелерімен танысты, деп хабарлайды ult.kz.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, осы кезеңде жалпы сомасы 5,8 триллион теңгені қамтитын 13 ірі мемлекеттік аудит өткізілген. Тексерулер жергілікті атқарушы органдарды, «Проблемалық кредиттер қоры», «Аграрлық корпорация», «Қазпошта», «Ақтау теңіз порты» акционерлік қоғамдарын, денсаулық сақтау нысандары мен бірқатар мемлекеттік органдарды қамтыған.

Анықталған заңбұзушылықтар мен кемшіліктерді жою нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 128 миллиард теңге қайтарылған. Сонымен қатар Үкімет пен аудит жүргізілген ұйымдарға 35 ұсыным және 413 нұсқама жолданған.

Кездесуде бюджет процесін жетілдіру мақсатында қабылданған өзгерістер де сөз болды. Атап айтқанда, макроэкономикалық болжам жасаудың жаңа тәртібі енгізіліп, бюджет қаражатын пайдалануға бақылау күшейтілген және жылдың төртінші тоқсанында бюджетке түзету енгізуге тыйым салынған.

Сондай-ақ биылғы екінші жартыжылдықта 20 мемлекеттік аудитті аяқтау жоспарланып отыр. Оның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Шымкент қаласы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ фармацевтикалық өнім өндірушілерді қолдау тетіктері тексеріледі. Бұдан бөлек, газ саласы, инвестициялық жобалар, «Жасыл даму» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, ұлттық жобалар және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына да аудит жүргізіледі.

Кездесу соңында Президент мемлекеттік аудит жүйесін одан әрі жетілдіру үшін цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізуді тапсырды.