Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық сайысының ашылу салтанатына қатысып, жарысты ресми түрде ашық деп жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Президент өз сөзінде биылғы дүбірлі дода Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын атап өтіп, бұл еліміз үшін үлкен мәртебе екенін айтты.
«Болашақ ойындары» – елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтатын маңызы зор тарихи іс-шара. Бұл жарыстың Қазақстанда өтуі – біз үшін үлкен мәртебе», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстан мен жарысқа қатысушыларға жолдаған құттықтауын жеткізіп, ризашылығын білдірді. Сондай-ақ салтанатты рәсімге Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев және Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың қатысып отырғанын атап өтті.
Президенттің айтуынша, Астанадағы жарысқа әлемнің 30-дан астам елінен 800-ге жуық спортшы келген. Оның пікірінше, бұл дода классикалық спорт пен кибериндустрияны біріктіретін жаһандық фиджитал қозғалысының дамуына тың серпін береді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның цифрландыру мен жасанды интеллект саласын дамытуға басымдық беріп отырғанын айтты. Оның сөзінше, елде Цифрлық кодекс пен Жасанды интеллект туралы заң қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияда азаматтардың цифрлық құқықтары мен жасанды интеллектіні дамытуға қатысты кепілдіктер бекітілген.
Сонымен қатар Президент биыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жарияланғанын еске салып, AI-Sana мемлекеттік бағдарламасы арқылы жүздеген мың азамат жаңа цифрлық дағдыларды меңгергенін айтты.
Сондай-ақ биыл күзде Астанада Жасанды интеллект университеті ашылатынын, ал келесі жылы елордада Халықаралық киберспорт федерациясының қолдауымен әлемдік деңгейдегі киберспорт жарысы өтетінін хабарлады.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымдастырушыларға, төрешілерге, бапкерлерге, еріктілерге және барлық қатысушыларға алғыс айтып, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Бұл ойындар елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың, достық пен келісімнің алтын көпіріне айналады деп сенемін. Ендеше, «Болашақ ойындары – 2026» сайысын ашық деп жариялаймын!», – деді Мемлекет басшысы.