Тоғыз жастағы балаға оқулық қалай жазылады?

Тоғыз жастағы балаға оқулық қалай жазылады?
ашық дереккөз

Келер жылы Arman-PV баспасының құрылғанына 25 жыл толады. Ширек ғасырға жуық уақыттың басым бөлігінде біз мектеп оқулығын әзірлеумен айналысып келеміз. Осы жылдар ішінде білім беру бағдарламалары жаңарды, оқыту әдістемесіне жаңа ұғымдар енді, цифрлық технология мектеп өмірінің бір бөлігіне айналды. Бірнеше буын оқушы мектеп табалдырығын аттап, түлеп ұшты. Ал баспа редакциясында өзгермейтін бір кәсіби сұрақ бар: балаға білімді қалай анық, дәл әрі қызықты жеткіземіз?

Биыл 3-сыныпқа арналған жаңа оқулықтар және оқу-әдістемелік кешендермен жұмыс істегенде осы сауал тағы да алдыңғы қатарға шықты. Үшінші сынып оқушысы, шамамен тоғыз жаста. Бұл жаста бала мәтінді оқып, мазмұнын түсінумен қатар, өз пікірін айта бастайды, себеп іздейді, көргені мен естігенін салыстырады. Оның «неге?» деген сұрағы көбейеді. Оқулық сол табиғи қызығушылықты дұрыс арнаға бұра білуі керек.

Бас редактор ретінде қолжазбаны оқығанда ең алдымен мәтіннің балаға қалай жететінін қараймын. Ғылыми дәлдік, оқу мақсаты, тіл тазалығы, тапсырманың қисыны – бұлардың бәрі оқулық жасаудың қалыптасқан кәсіби талаптары. Біздің редакция үшін бұл күнделікті жұмыстың жүйесі.

Көп жылғы тәжірибе бір нәрсені анық көрсетті: бастауыш сынып оқулығының тілі жеңіл болғанымен, мазмұны жеңіл-желпі болмауға тиіс. Күрделі ұғымды қарапайым әрі дәл жеткізу, баланың жас ерекшелігіне сай тапсырма құру, оның өздігінен ой қорытуына мүмкіндік беруде кәсіби шеберлік осы тұста танылады.

Авторлық мектеп – оқулық сапасының өзегі

Биыл Arman-PV баспасында қазақ және орыс тілдерінде білім алатын 3-сынып оқушыларына арналған қазақ тілі, математика және дүниетану пәндері бойынша жаңа оқу-әдістемелік кешендер әзірленді.

Қазақ тілінде білім алатын оқушыларға арналған «Қазақ тілі» оқулығының авторлары – Салтанат Нұрбекова, Гүлжан Теңгебаева, Айнагүл Әділова, Мария Шөкібасова және Гүлшира Сұлтанова. Орыс тілінде оқытатын мектептерге арналған қазақ тілі оқу-әдістемелік кешенін Бахытгүл Капасова, Бақытгүл Шөкеева, Маншук Кабасова және Асемгүл Омарова әзірледі.

Математика оқулықтарының қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаларын әзірлеуге Лариса Каинбаева мен Манат Парменова қатысты. Қазақ тіліндегі авторлық топ құрамында Алтынай Темирханова, орыс тіліндегі нұсқада Надежда Ющенко еңбек етті. «Дүниетану» оқулығын Ельмира Бапиева, Дина Смағұлова және Шолпан Парменова жазса, «Познание мира» оқулығы Гульмира Аспанова, Жанара Жаксылыкова және Наталья Марахованың авторлығымен әзірленді.

Біздің авторлар арасында тәжірибелі педагогтер, әдіскерлер, өз пәнінің мазмұнын терең білетін мамандар жеткілікті. Олар мектептегі нақты оқу үдерісін біледі, баланың қай тақырыпта кідіретінін, қандай тапсырма оның қызығушылығын оятатынын тәжірибеден таниды.

Редакция мен автор арасындағы жұмыс та осы кәсіби ортада жүреді. Біз оқу мақсатының қалай ашылғанын, тақырыптар арасындағы сабақтастықты, мәтін мен тапсырманың өзара байланысын, баланың жас ерекшелігін қараймыз. Бір пәнге жарасқан әдіс екінші пәнге дәл келе бермейді. Математиканың өз қисыны, тіл пәнінің өз ырғағы, дүниетанудың зерттеушілік сипаты бар. Оқулықтың болмысын сол пәннің табиғатынан іздеу керек.

Мен үшін жақсы автордың бір қасиеті ерекше бағалы: ол баланың мүмкіндігін дұрыс бағалай біледі. Баланы тым қарабайыр деңгейде қабылдау да, оған ересектердің тілімен сөйлеу де оқулықтың сапасына әсер етеді. Тоғыз жастағы оқушының ойлауға, байқауға, тұжырым жасауға қабілеті мол. Автордың міндеті  сол қабілетті оятатын мазмұн ұсыну.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі жылдары «Адал азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидаттарына, кітап оқу мәдениетіне, азаматтық жауапкершілікке, тарихи-мәдени мұраға ұқыпты қарауға айрықша мән беріп келеді. Бұл ұстанымдардың білім мазмұнынан көрініс табуы уақыттың талабы.

Бастауыш сыныпта құндылықты баланың өз өміріне жақын жағдайлар арқылы жеткізу нәтижелі. Адалдық туралы сөз болғанда шын сөйлеу, уәдесінде тұру, досына көмектесу секілді әрекеттер оның түсінігіне жақын. «Таза Қазақстан» идеясы өз кітабы мен партасына ұқыпты қараудан, мектеп ауласын таза ұстаудан, табиғатқа жанашыр болудан басталады. Ал тәртіпті кезек күту, ортақ ережені сақтау, өзгенің құқығын сыйлау арқылы таниды.

Жаңа оқу-әдістемелік кешендерде біз осы табиғи байланысты сақтауға ұмтылдық. Оқушы мәтіндегі жағдайды өз өмірімен салыстырып, әрекетке баға беріп, өз шешімін айтуға мүмкіндік алуы керек. Дайын тұжырымнан гөрі, баланың өзі келген қорытындысы санасында ұзақ сақталады.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың тапсырмасымен оқулықтарға қосымша мазмұндық сараптама жүргізіле бастағанда біз бұл жұмысты білім мазмұнына қойылатын ортақ кәсіби талаптың жалғасы ретінде қабылдадық. Сараптама барысында «Адал азамат», «Таза Қазақстан», заң мен тәртіпке құрмет, оқу мәдениеті, азаматтық жауапкершілік, патриотизм, ұлттық тарихи-мәдени мұраға ұқыпты көзқарас секілді басымдықтардың қолжазбаларда қалай көрініс тапқаны зерделенді.

Біздің жаңа оқулықтарымыз бұл бағыттарды әзірлеудің алғашқы кезеңінен бастап ескерді. Өйткені баспа үшін мемлекеттік білім саясаты мен қоғамның құндылықтық сұранысын түсіну көп жылдан бері қалыптасқан жұмыс қағидаты.

Соңғы жылдары оқушының ақпаратты қабылдау машығы айтарлықтай өзгерді. Бала мәтіннің мәнін түсінгісі келеді, сұрақ қояды, салыстырады, өз ойын дәлелдеуге талпынады. Жаңа оқулықтың мазмұны да осы танымдық белсенділікті қолдауы керек.

3-сыныпқа арналған математика оқулықтарында күнделікті өмірмен сабақтас есептер, логикалық ойлауға және математикалық сауаттылыққа бағытталған тапсырмалар қамтылған. Бала есептің амалын орындап болған соң, оның шешу жолын түсінуі, алған білімін басқа жағдайда қолдана білуі маңызды.

«Дүниетану» және «Познание мира» оқулықтарының мазмұны баланың өзі өмір сүріп отырған ортаны кеңірек танып-білуіне құрылған. Оқушы әуелі отбасы мен жақын ортасындағы қарым-қатынастарға үңіліп, ортақ құндылықтардың мәнін түсінеді, одан әрі қоғам, туған өлке, ел тарихы туралы танымын кеңейтеді. Табиғат құбылыстарын бақылап, адам мен қоршаған ортаның байланысын зерттейді. Елге белгілі тұлғалар, батырлар мен тарихи оқиғалар туралы материалдар баланың өткенге қызығушылығын оятып, туған жері мен Отаны туралы алғашқы тарихи түсінігін қалыптастырады. Осы пән арқылы оқушы өзін отбасының, қоғамның және елдің бір мүшесі ретінде тани бастайды.

Халықаралық білім тәжірибесінде де функционалдық сауаттылық, зерттеушілік ойлау, білімді өмірлік жағдайда қолдану мәселесіне назар күшейіп отыр.

Физикаға қызығушылық мектептен басталады

Жуырда физикадан 56-шы Халықаралық олимпиадада – International Physics Olympiad (IPhO 2026) Қазақстан ұлттық құрамасының бес мүшесі де алтын медаль иеленгені туралы қуанышты хабарды естідік. Бес оқушының бес алтын алуы ел үшін тарихи нәтиже. Жас физиктеріміздің бұл жетістігіне біз де шын жүректен қуандық.

Arman-PV баспасында физика пәні бойынша 7-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі физика оқулықтарының толық желісі бар. Бес сыныпты қамтитын бұл оқулықтарды әзірлеуде пәннің сабақтастығына, физикалық ойлауды қалыптастыруға, заңдылықтарды түсінуге және есеп шығару дағдысын дамытуға мән беріліп келеді.

Сондықтан бес жас физигіміздің тарихи жеңісін көргенде, оқулық әзірлейтін маман ретінде мектепте қаланатын пәндік негіздің мәнін тағы бір рет ойлайсың. Бүгін 7-сыныпта физикамен жүйелі танысып отырған оқушының ертең инженер, зерттеуші немесе ғалым атануы әбден мүмкін.

Ширек ғасырлық тәжірибе және жаңа технология

Келер жылы Arman-PV баспасына 25 жыл толады. Осы уақыт ішінде біз мектеп оқулығын әзірлеудің үлкен кәсіби тәжірибесін жинақтадық. Білім беру саласындағы өзгерістерді бақылап, жаңа әдістемелік бағыттарды жұмысымызға енгізіп келеміз.

Бүгінде сол жұмыстың тағы бір арнасы - цифрлық білім беру. Ekitap.kz платформасы сегіз жылдан бері мемлекеттік білім стандартына сай электронды оқулықтар, интерактивті тапсырмалар мен қосымша материалдарды ұсынып келеді. Қазір платформада Arman AI сұрақ-жауап құралы жұмыс істейді. Оның жауаптары оқу материалына, пән мазмұнына және білім стандартына сүйенеді.

Технология дамиды, білім алу құралдары жаңарады. Біздің кәсіби міндетіміз  сол мүмкіндіктерді сапалы мазмұнмен ұштастыру. Ширек ғасырға жуық баспа тәжірибесі бізге бір ақиқатты үйретті: әр буынның өз сұрағы бар, бірақ баланың жақсы оқулыққа деген қажеті өзгермейді. Біз үшін оқулық әзірлеу - қалыптасқан кәсіби мектеп, авторлар мен редакторлардың ортақ еңбегі, білім саласындағы ұзақ жылдық тәжірибенің жалғасы.

Айгүл БЕКБОЛАТОВА,
Arman-PV баспасының бас редакторы