Тіс емдеткен бала ауыр зардап шекті: стоматологтарға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Тіс емдеткен бала ауыр зардап шекті: стоматологтарға қатысты қылмыстық іс қозғалды
chocolife.me

Ақтауда 9 жастағы бала стоматологиялық емнен кейін төменгі жақ сүйегінің едәуір бөлігінен айырылып, дәрігерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ult.kz.

Astana.tv арнасына сұқбат берген баланың анасының айтуынша, ұлына тіс жегісі диагнозы қойылып, ем бірнеше қабылдау барысында жүргізілген. Алайда әр емнен кейін баланың жағдайы нашарлап, қызуы көтеріліп, қызыл иегі іріңдей бастаған. Соған қарамастан дәрігерлер рентгенге жібермеген.

Жеке клиникаға жүгінгенде дерттің асқынып кеткені анықталып, бала шұғыл түрде Астанаға жеткізілген. Онда оған күрделі ота жасалып, төменгі жақ сүйегінің зақымданған бөлігі алынған.

Тәуелсіз медициналық сараптама емдеудің қате диагноздан басталғанын және негізгі қателік рентгенологиялық тексерудің жүргізілмеуі болғанын растады. Мұны облыстық стоматологиялық орталықтың басшылығы да жоққа шығармай отыр.

Маңғыстау облысы полициясы медицина қызметкерінің кәсіби міндетін тиісінше орындамау дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 317-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғады. Тергеу жалғасып жатыр.

Қазір бала Астанада ем қабылдап жатыр. Тамыз айында оған үшінші ота жасалып, кейін жақ сүйегін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Анасының айтуынша, емге осы уақытқа дейін шамамен 3 миллион теңге жұмсалған.