TikTok-та диван сатып, ақша алған: Жамбыл облысында алаяқ әйел 2,5 жылға сотталды

TikTok-та диван сатып, ақша алған: Жамбыл облысында алаяқ әйел 2,5 жылға сотталды
webpromo.kz

Жамбыл облысында TikTok әлеуметтік желісі арқылы жиһаз сатамын деп тұрғынды алдаған әйел 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Жамбыл аудандық соты хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.

Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылдың сәуір айында сотталушы өзін жиһаз сатушы ретінде таныстырып, TikTok желісінде диван сату туралы хабарландыру жариялаған. Жарнамадағы акцияға қызыққан жәбірленуші сатушымен байланысқа шығып, 60 мың теңге тұратын диванды сатып алуға келіскен.

Сот мәліметінше, күдікті алдын ала төлем қажет екенін айтып, сатып алушыны 25 мың теңгені үшінші тұлғаның банк шотына аударуға көндірген. Алайда ақшаны алғаннан кейін диван жеткізілмей, сатушы байланысқа шықпаған.

Өзін алаяқтықтың құрбаны болғанын түсінген әйел құқық қорғау органдарына арызданған.

Сотта сотталушының кінәсі жәбірленуші мен куәлардың айғақтарымен, банк түбіртектерімен және іс бойынша жиналған өзге де дәлелдемелермен толық расталды.

Сондай-ақ сот оның бұған дейін де бірнеше рет алаяқтық қылмысы үшін жауапқа тартылғанын, алайда тиісті қорытынды шығармай, жазасын өтеу кезеңінде қайтадан осындай қылмысқа барғанын ескерді.

Сот үкімімен әйел Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 4)-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, үкімдердің жиынтығы негізінде 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енді.