Threads-тегі пікірлер қылмыстық іске ұласты: семейлікке үкім шықты

Threads-тегі пікірлер қылмыстық іске ұласты: семейлікке үкім шықты
gov.kz

Семей қаласының тұрғыны Threads әлеуметтік желісінде қалдырған пікірлері үшін екі жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Абай облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.

Істі Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қараған. Сот материалдарына сәйкес, сотталушы шамамен бір жарым жыл бойы Threads әлеуметтік желісінде өзге қолданушылардың дін тақырыбындағы жарияланымдарына пікір жазып келген.

Соттың мәліметінше, ол жариялаған пікірлер ұлттық және діни араздықты қоздыруға, азаматтардың дінге көзқарасы мен ұлттық тиесілілігіне байланысты ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға бағытталған.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұраған. Алайда мемлекеттік айыптаушы оған нақты мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қолдануды талап етті.

Нәтижесінде сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру») бойынша кінәлі деп таныды.

Үкім шығару кезінде сот сотталушының шын жүректен өкінгенін, бұрын сотталмағанын, қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылғанын, тұрғылықты жері мен жұмыс орнынан оң мінездеме берілгенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Осының негізінде сот оған 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша кінәлі деп танылғандарға айыппұл салу, 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе дәл осы мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.