The Finiko қаржы пирамидасының Қазақстандағы құрылымдық бөлімшесін басқарған күдікті Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды ult.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдікті 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде болған. Оны Қазақстанға прокуратура органдарының үйлестіруімен Интерполдың Ұлттық орталық бюросы қайтарды.
Тергеу мәліметіне сәйкес, The Finiko нақты кәсіпкерлік немесе инвестициялық қызметпен айналыспаған. Бұрынғы салымшыларға төлемдер кейін қосылған қатысушылардың ақшасы есебінен жүргізілген. Осы арқылы салымшыларға табыс түсіп жатқандай әсер қалыптастырылып, жаңа қаражат тартылған.
Күдіктінің әрекетінен қаржы пирамидасына 160 млн теңгеден астам қаражат тартылған. Сотқа дейінгі тәркілеу барысында оның құны 221 млн теңге болатын жер телімі мемлекет кірісіне алынған.
Бұған дейін осы іс бойынша үш адам сотталып, олардың мүлкі тәркіленген. Сотталғандарға алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Істің өзге мән-жайлары Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.