Теннисші Зарина Дияс Осака турнирінің ширек финалына шыға алмады

Теннисші Зарина Дияс Осака турнирінің ширек финалына шыға алмады

Қазақстандық Зарина Дияс Осака WTA турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпаратҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Дүниежүзілік рейтингте 85-орында тұрған З.Дияс екінші айналымда осы жарыстың бесінші, әлемнің 16-ракеткасы, америкалық Мэдисон Киспен кездесті.

Тартысты өрбіген бірінші партияда есеп 6:5 болғанда, қазақстандық теннисші брейк жасай білді – 7:5.

Екінші партияда Зарина доп берген бірінші гейм ұзаққа созылып, Кис брейк жасап кетті – 1:0. Содан соң америкалық спортшы дес берген жоқ – 6:0.

Үшінші сетті бастаған З.Дияс бұл жолы қарсыласының брейк жасауына мүмкіндік бермеді. Үшінші геймде М.Кис брейк жасап, алға шыққанымен, Зарина сол бойда теңестірді – 2:2. Дегенмен америкалық теннисші сет барысында тағы бір брейкке қол жеткізіп, матчты жеңіспен аяқтай алды – 6:4.

Тартысты бәсеке 2 сағат 7 минутқа созылды.

М.Кис ширек финалда кезінде рейтингте көш бастаған, қазір әлемнің 15-ракеткасы, германиялық Анжелика Кербермен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Осака турнирінің екінші айналымына шыққанын, Михаил Кукушкиннің Санкт-Петербор жарысын сәтті бастағанын, ал Елена Рыбакинаның Қытайдағы додада ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.