Теннисші Елена Рыбакина Ухань турнирінің жартылай финалына шыға алмады

Теннисші Елена Рыбакина Ухань турнирінің жартылай финалына шыға алмады

Қазақстандық Елена Рыбакина Қытайдағы Ухань WTA турнирінің жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Дүниежүзілік рейтингте 50-орында тұрған Е.Рыбакина ширек финалда осы турнирдің тоғызыншы, әлемнің 14-ракеткасы, Беларусь елінің өкілі Арина Соболенкомен кездесті.

Өткен жылы осы турнирдің жеңімпазы атанған А.Соболенко бірінші партияда 4:1 есебімен алға кетті. Есеп 2:4 болған мезетте Е.Рыбакина брейк-пойнттарын пайдалана алмады. Ақыры Арина басымдылығын сақтап қалды – 6:3.

Есесіне екінші сетте қазақстандық теннисші брейкпен алға шықты – 2:0. Тағы бір брейк – 4:0. Содан кейін бір гейм бергенімен, өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:1.

Үшінші, шешуші партияда А.Соболенко 5:0 есебімен алға кетті. Бұл жолы ол 6:1 есебімен матчтың нүктесін қойды.

Бәсеке 1 сағат 43 минутқа созылды.

А.Соболенко жүлде қоры 2,828 млн АҚШ долларына бағаланған турнирдің финалына шығу үшін әлемнің 1-ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартимен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Чэнду турнирін жеңіспен бастап, бүгін ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.