«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы, кәсіпкер Мұхтар Жәкішевтің қызы Алтынай Ұлыбританияның астанасы Лондонда неке қидырды, деп хабарлайды ult.kz.
Жас келіншек бұл қуанышты жаңалығын әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, рәсімнің қалай өткенін сипаттап жазды. Оның айтуынша, неке қию рәсімі 9 мамыр күні Лондон қалалық әкімдігінде жақын туыстарының қатысуымен өткен. Алтынай сол күні ауа райы жаңбырлы болады деген болжамға қарамастан, аспан ашық болғанын атап өтіп, бұл күнді өзінің ресми түрде жаңа есіммен – «О.Джей ханым» атанған ерекше сәті ретінде сипаттаған.
Қазіргі уақытта ол Лондонда тұрады және модельдік саламен айналысады. 1999 жылы туған Алтынай шетелде кәсіби қызметін дамытып келеді.
Айта кетейік, оның әкесі Мұхтар Жәкішев бұған дейін қылмыстық іс бойынша 14 жылға сотталып, шамамен 11 жылға жуық уақытын түрмеде өткізген. 2020 жылы ол шартты түрде бостандыққа шыққан болатын.
Жәкішевтер әулетінде Алтынайдан бөлек тағы төрт ересек бала және өткен жылы дүниеге келген кенже қызы бар.