Астанада мас күйінде көлік жүргізген 43 жастағы әйел ұсталды. Ол мерекелік отырыстан кейін көлік тізгініне отырған, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға таңғы сағат 05:00 шамасында Қорғалжын тасжолында болған. Патрульдік полиция қызметкерлері Chery автокөлігін тоқтатып, жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болғанын анықтады.
Полиция мәліметінше, әйел қонақтан қайтып келе жатқан. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Сот шешімімен елорда тұрғыны 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.
Жалпы, өткен демалыс күндері Астанада полиция мас күйінде көлік басқарған 26 жүргізушіні анықтаған.
Қалалық полиция департаменті мас күйінде рөлге отыру жол-көлік оқиғасына әкеліп, жүргізушінің ғана емес, өзге де адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін ескертті. Ведомство мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша рейдтік және профилактикалық жұмыстарды жалғастыратынын мәлімдеді.