Тамыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге 27 мыңнан астам талапкер қатысты. Олардың 53 пайызы шекті балл жинаған, деп хабарлайды ult.kz.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, бес пән бойынша орташа нәтиже 55 балды құрады. Ал ең жоғары көрсеткіш – 136 балл. Тестілеуге ерекше білім беру қажеттіліктері бар 98 талапкер де қатысқан.
ҰБТ барысында жалпы 66 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 30 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекет жасағаны үшін тестілеуге жіберілмеген. Ал тестілеу кезінде тәртіп бұзған тағы 36 адам аудиториядан шығарылған. Бөгде тұлғалардың қатысу фактісі анықталмаған.
Министрлік 2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін де бақылау жалғасатынын ескертті. Күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеу барысындағы бейнежазбалар толық талданады. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ереже бұзушылықтар анықталса, талапкердің ҰБТ нәтижесі жойылады.
Сонымен қатар өз мамандығы бойынша жоғары оқу орнында ақылы негізде оқуын жалғастырғысы келетін колледж түлектері әңгімелесу нәтижесі бойынша университетке түсе алады. Мұндай талапкерлерді қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.