Талдықорғанда полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндірген заң бұзушылықтың жолын кесті., деп хабарлайды ult.kz.
Қонаев көшесінде патрульдеу кезінде тәртіп сақшылары CHANGAN EADO маркалы автокөлікті тоқтатқан. Тексеру барысында рөлде отырған 18 жастағы жергілікті тұрғынның көлік жүргізу құқығы жоқ екені анықталды. Сонымен қатар медициналық куәландыру оның алкогольдік масаң күйде болғанын көрсетті.
Тексеру кезінде көлік иесінің де жауапкершілікке тартылатыны белгілі болды. Ол автокөлікті жүргізуші куәлігі жоқ әрі масаң күйдегі азаматқа басқаруға берген. Бұдан бөлек, көлік иесінің өзі де алкогольдік ішімдік ішкен күйде болған.
Аталған фактілер бойынша әкімшілік материалдар рәсімделді. Заңға сәйкес, масаң күйде және жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған азаматқа 20 тәулікке әкімшілік қамау жазасы қарастырылған.
Ал көлік иесіне көлік құралын масаң әрі жүргізуші куәлігі жоқ адамға бергені үшін 15 тәулікке әкімшілік қамау және 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы көзделген.
Жетісу облысында жыл басынан бері масаң күйде көлік басқарудың 212 дерегі анықталған. Оның 43-і жүргізуші куәлігі жоқ азаматтарға қатысты болған.
Полиция өкілдері мас күйде көлік жүргізу ауыр жол-көлік оқиғаларына себеп болып, адам өміріне қауіп төндіретінін ескертіп, заң бұзушыларға қатаң шара қолданылатынын мәлімдеді.