Шымкентте Toyota мен Lexus атауымен жалған мотор майын сатқан кәсіпкер әшкереленді

Шымкентте Toyota мен Lexus атауымен жалған мотор майын сатқан кәсіпкер әшкереленді
Видеодан скриншот

Шымкентте Toyota және Lexus брендтерінің атауын заңсыз пайдаланып, контрафактілік мотор майы мен сүзгілерді сатқан кәсіпкер анықталды, деп хабарлайды ult.kz.

«Отырар» телеарнасының мәліметінше, тексеруді Шымкент қалалық Әділет департаментінің қызметкерлері брендтердің ресми өкілінің өтініші негізінде жүргізген. Нәтижесінде май ауыстыру бекеттерінің бірінен контрафактілік белгілері бар 615-тен астам мотор майы мен сүзгі тәркіленді.

Әділет департаментінің Зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы Мұхтар Әбдезовтің айтуынша, компания Қазақстан аумағында темір құтыдағы мұндай мотор майларын шығармайды және Lexus брендімен мүлде мотор майын өндірмейді. Сонымен қатар тәркіленген қозғалтқыш сүзгілері де өндірістен шығарылған өнімдер болып шыққан.

Осыған байланысты кәсіпкерге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 158-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды.

Мамандардың айтуынша, тәркіленген майларға сапа сараптамасы жүргізілмегенімен, олардың сапасы төмен болуы ықтимал. Мұндай өнімдерді пайдалану қозғалтқыштың мерзімінен бұрын тозуына, майлау жүйесінің ластануына, қызып кетуіне және қымбат жөндеу шығындарына әкелуі мүмкін.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, тауар белгісін құқық иесінің келісімінсіз пайдалануға тыйым салынған. Мұндай заң бұзушылық үшін әкімшілік, азаматтық-құқықтық, ал кейбір жағдайларда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.