Шымкентте еркін күрестен спорт шебері, 40 жастағы Василий Колесниковтың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот жарыссөзі басталды. Мемлекеттік айыптаушы алты сотталушыға 22 жылдан 24 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұрады, деп хабарлайды ult.kz.
Жетінші арнаның мәліметінше, қайғылы оқиға биыл қаңтарда болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, көшедегі жол-көлік оқиғасы мен төбелестен кейін Колесников ұрланып, кейін өлтірілген.
Іс бойынша Мақсұт Арысбаев, Әлихан Ерімбет, Рауан Іңкәрбеков, Дархан Қызбалаев, Бекасыл Жұманазар және Жанділдә Қуандықов сот алдында жауап беріп жатыр. Тағы бір күдікті Марат Дәуласов халықаралық іздеуде. Ал болжамды қатысушылардың бірінің жеке басы әзірге анықталмаған.
Прокурор сотталушыларды алдын ала сөз байласу арқылы адам өлтіру, адам өлтіруге оқталу, адам ұрлау және бұзақылық бойынша кінәлі деп тануды сұрады. Сонымен қатар жәбірленуші тарапқа моральдық шығын ретінде 10 миллион теңгеден төлеуді талап етті.
Істе Колесниковпен бірге көлікте болған Мақсат Көшкінбаевқа жасалған шабуыл да қаралып жатыр. Ол жолдағы төбелес кезінде ауыр жарақат алған.
Алты сотталушы мен олардың адвокаттары адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу туралы айыптарды мойындамайды. Қорғау тарапының айтуынша, Колесниковты нақты кім өлтіргенін дәлелдейтін жеткілікті айғақ жоқ, сондықтан бұл айыптар болжамға негізделген. Олар осы баптар бойынша сотталушыларды ақтауды сұрады.