Шымкентте қарбыз егілген аумақтың арасына есірткі плантациясын жасырған тұрғын ұсталды. Оның үйінен 330 келіден астам есірткі шикізаты мен сатуға дайындалған өнім тәркіленді, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, "Қарасора – 2026" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Шымкент қаласында каннабис тобындағы есірткіні заңсыз өсіріп, дайындаған азаматтың әрекеті әшкереленді.
Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті өз үйінің аумағында гашиш пен марихуана өндірудің толық тізбегін ұйымдастырған. Ол құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсіріп қана қоймай, оларды өңдеп, сатуға дайындаған.
Тінту кезінде ауыл шаруашылығы дақылдарының, оның ішінде қарбыз егілген аумақтың арасына жасырылған шамамен 130 түп есірткі өсімдігі анықталды. Сонымен қатар шаруашылық құрылыстарынан 330 килограмнан астам есірткі шикізаты мен өткізуге арналған буып-түйілген дайын өнім тәркіленді.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің есірткіні өткізу мақсатында сақтау және құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полицейлер қылмыстың барлық мән-жайын, есірткіні өткізу арналары мен заңсыз схемаға қатысы болуы мүмкін өзге тұлғаларды анықтауда.