Шымкентте есірткі таратқан күдіктілер ұсталды: 2 келіге жуық мефедрон тәркіленді

Шымкентте есірткі таратқан күдіктілер ұсталды: 2 келіге жуық мефедрон тәркіленді
polisia.kz

Шымкентте «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында синтетикалық есірткі өткізді деген күдікпен екі адам ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, полиция қызметкерлері жүргізген жедел іс-шара барысында ер адам ұсталып, одан шамамен 2 келі мефедрон тәркіленді. Сондай-ақ тінту кезінде есірткіні өлшеп, орауға арналған электронды таразы мен zip-lock пакеттері табылған.

Сол іс-шара аясында синтетикалық есірткі өткізді деген күдікпен тағы бір қала тұрғыны ұсталды. Тінту барысында әйелден жалпы салмағы 200 грамнан асатын есірткі салынған төрт пакет тәркіленді.

Аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалып, күдіктілер қамауға алынды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, істің барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Полиция есірткі және психотроптық заттарды заңсыз өткізу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті. Құқық қорғау органдары есірткінің заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу жұмыстарын жалғастырып жатыр.